СҚО-да өрт сөндіруші жұмыстан бос уақытта балаларға домбыра үйретіп жүр

бала домбыра
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Марат Сахатов өрт сөндіруші мен музыка мұғалімі мамандығын қатар алып жүр. Негізгі жұмысынан бос уақытта балаларға домбыра үйретеді, ансамбль де құрған. Шәкірттері түрлі байқауларда орын алып жүр.

Сергеевка қаласының тұрғыны Марат Сахатовтың негізгі мамандығы музыкант. Ол ұлттық аспап – домбырада ойнайды, фортепиано мен баянды да меңгерген.

оркестр
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Бала кезімде домбыра үнін естігенде ерекше күй кешіп, тапжылмастан отырып тыңдайтынмын. Мұны байқаған ата-анам мені осындағы музыка мектебіне берді. Әке-шешем өнерге жоқ, бірақ қызығушылығымды байқап, маған қолдау көрсетті», - дейді Марат Сахитов.

Марат Сахитов
Фото: кейіпкердің мұрағатынан

Кейін білімін Петропавлдағы жоғары оқу орнында жалғастырып, музыка пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алайда тоқсаныншы жылы басқа салаға кетуіне тура келген. Қазір Сергеевка қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші.

домбыра
Фото: кейіпкердің мұрағатынан

«Өнерден мүлдем қол үзіп кете алмадым. Өрт сөндіру бөліміндегі жұмыстан бос уақытым болады. Сондықтан 2003 жылдан бастап ұлттық мұрамыз домбыраны балаларға үйрету мақсатында «Өнер» мектебіне де орналастым. 9-14 жас аралығындағы мектеп оқушыларына ұлттық аспапты үйретіп жатырмын», - дейді Марат Сахитов.

«Жас толқын» атты домбырашылар ансамблін де құрған. Өнерлі балалар ұстаздарының үмітін ақтап, түрлі байқауларда жеңіске жетті. Мерекелерде де жас домбырашылар сахна төрінен көрініп, сәнін келтіріп жүр.

«20 жасымнан бастап балаларға домбыра тартуды үйретіп келемін. Осы жылдар ішінде мен өз білгенімді көптеген талантты оқушыға жеткізе алдым деп ойлаймын. Шәкірттерімнің табандылығы мен еңбегімнің нәтижесін көру үлкен қуаныш. Бұл маған шабыт береді», - дейді марат Сахитов.

Соңғы жаңалықтар