14:15, 04 Мамыр 2020 | GMT +5
СҚО-да өртенген үйден әйелдің денесі табылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Червонное елді мекенінде тұрғын үйден өрт шығып, бір әйел қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2 мамыр күні болған. Ғабит Мүсірепов ауданы, Червонное елді мекеніндегі Школьная көшесінде жеке тұрғын үй өртенді. Жалын 80 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт сөндірушілер баспананың ас бөлмесінен 54 жастағы әйел адамның денесін тапты.
Алдын-ала болжам бойынша, өрттің шығуына отты абайсыз пайдалану себеп болған.
Жалпы, жыл басынан СҚО-да өрт салдарынан 16 адам қаза болып, 7 адам жарақат алды. Мамандардың айтуынша, тілсіз жау құрбаны көбіне әлеуметке бейімделмеген және ішімдікке салынған адамдар болады.