СҚО-да отбасылық бюджеттің ең үлкен бөлігі азық-түлікке кетеді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық статистика бюросының департаменті өңір тұрғындарының отбасылық бюджетті қалай жұмсайтынын есептеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы СҚО департаментінің мәліметінше, өңірде бір адамға шаққандағы ай сайынғы ақшалай шығыс 94 мың теңгені құраған. Бұл - үшінші тоқсанның қорытындысы.
Бір жыл ішінде СҚО тұрғындарының шығыны 13 % өсті. Ал жалпы шығынның 90 % - тұтыну шығыны.
Материалдық көмек, алимент, несие мен қарызды өтеу, салық - ақшалай шығындардың 10 % ғана құрайды.
Отбасылық бюджеттің ең үлкен бөлігі, 44 % - азық-түлік шығындары. Тағы үштен бірі азық-түлік емес тауарларға және 13 % - қызмет ақысына кетеді.
Азық-түлік өнімдеріне жұмсалатын шығыстардың шамамен 30 % - ет және ет өнімдерін сатып алуға, 16,5 % - нан және жарма өнімдеріне кетеді.
Азық-түлік емес тауарлардың шамамен 22 % киім мен аяқ киім сатып алуға жұмсалады. Қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары бұл үшін бірдей қаражат жұмсайды екен.
Ақылы қызметтерде қаражаттың үштен бірі тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп-ұстауға, 35 % астамы көлік және байланыс қызметтеріне, ал 5 % сәл астамы білім алуға жұмсалады.
Мәдени іс-шараларға және бос уақытты ұйымдастыруға кететін шығындар аз. Қала тұрғындары ақылы қызметтерге ауыл тұрғындарына қарағанда екі есе көп ақша жұмсайды.