СҚО-да өткен бір жылда көлікте жасалатын қылмыстар 24 пайызға артқан

Солтүстік Қазақстанның көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев құқық қорғаушылар және полицейлермен кездесіп, сотқа дейінгі тергеу процесінде жіберілетін құқық бұзушылықтарға қатысты бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді.
«Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, оның ішінде азаптауларға жол бермеу бойынша қылмыстық істерді тергеу кезіндегі заңдылықты сақтау – негізгі міндет. ҚР Бас Прокуроры мен Бас көлік прокурорының тапсырмаларына сәйкес, еліміз бойынша осындай іс-шаралар өтіп жатыр. Кейін мұндай кездесулерді тұрақты негізде ұйымдастыру жоспарланған», - дейді Абылайбек Ордабаев.
Көлік прокурорының айтуынша, 2020-2021 жылғы кезеңде көліктегі жасалған қылмыстық істер, соның ішінде есірткі сақтау, ұрлық 24 %-ға өскен. Жыл басынан заңсыз есірткі сақтау бойынша 7 қылмыстық іс және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты 1 іс сотта қаралды.
«Құқық қорғау органдарының функционалдық міндеттеріне сәйкес анықтау және тергеу жүргізу кезінде полицейлер күдіктілермен тікелей қатынаста болады. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және азаптауды болдырмау мақсатында Петропавл станциясы желілік полиция бөлімінде бейнебақылаудың болуын тексердік. Заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Қосымша прокуратура ғимаратында 1-Д жүйесінде желілік полиция бөліміне жеткізілгендердің кірген және шыққан уақыттары бақылауға алынады. Осылайша прокуратура тарапынан азаматтардың заңда белгіленген 3 сағат уақыттан астам болмауы қадағаланады», - дейді облыстың көлік прокуроры.
Электронды ақпараттық есепке сәйкес биыл желілік полиция бөлімшесіне куәгер, жәбірленуші, заңды өкіл, күдікті ретінде 169 адам жеткізілген. Азаматтар тарапынан заңсыз ұстау және азаптау фактілері бойынша шағымдар түскен жоқ.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қылмыстық істерді электрондық форматта сапалы тергеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс қылмыстық қудалау органдарының негізгі процестік шешімдерді қабылдау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бұзылуына жол бермеуге бағытталған», - дейді Абылайбек Ордабаев.