СҚО-да өткен тәулікте 23 бала КВИ жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте 23 бала коронавирус жұқтырды. Қазіргі уақытта ауырған 163 бала дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, пандемия басталғалы өңірде 18 жасқа дейінгі 2 574 бала коронавирус жұқтырды. Олардың 2 410-ы тәуір болды. Сырқаттанып, жазылған балалардың арасында мультижүйелік қабыну синдромы, яғни аурудан кейін болатын иммунологиялық құбылыс тіркелмеген.
Қазіргі уақытта КВИ жұқтырған 163 баланы дәрігерлер бақылауға алған, олардың 22-сі стационарда ем алып жатыр. Барлығының жағдайы – орташа. Амбулаторлық ем алып жатқандардың 82-сінде ауру белгілері жоқ. Қалғандарында ауру жеңіл өтіп жатыр.
Өткен тәулікте облыста 143 адам қауіпті инфекцияны жұқтырса, солардың 23-і бала. Үшеуі стационардан үйлеріне жіберілді, тағы 15 баладан үй карантині алынды.