СҚО-да өткен тәулікте коронавирустан 8 адам көз жұмды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте 8 адам коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде коронавирустан қайтыс болғандар саны 248-ге жетті. Пандемия басталғалы кезекті антирекорд орнады, өткен тәулікте 8 адам, ал 10 күн ішінде 34 сырқат қауіпті инфекциядан көз жұмды.
Өткен тәулікте СҚО-да 136 адам коронавирус жұқтырған. Қазіргі уақытта 2607 адам дәрігерлердің бақылауында. Олардың 706-сы инфекциялық стационарда жатыр. Мамандардың айтуынша, жансақтау бөлімшелерінде 51 сырқат бар.
Коронавирусты жұқтырғандар санының артуына байланысты инфекциялық орындардың саны қайта көбейтілді. Бүгінде 1600 орынның 44 %-ы жүктелген.