СҚО-да пәтер ұрлығы азайып, қылмысты ашу көрсеткіші өсті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 1,5 мыңға жуық ұрлық жасалған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,8 % аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстың ең көп таралған түрі – бөтеннің мүлкін ұрлау. Өткен жылы облыста 1444 ұрлық жасалды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18,8%-ға аз. Мал ұрлығы 31%-ға төмендеді. 2021 жылы – 29, өткен жылы 20 факті тіркелген. Полицейлер мұны алдын алу жұмыстарымен байланыстырады.
Пәтерде жасалатын ұрлық саны 32,4% азайған. Полицейлерге бұл қылмыстарды «ізін суытпай» ашуға көбінесе бейнебақылау жүйесін кеңінен қолдану сеп болған. Тұрғындардың кіреберістер мен аулаларда, кәсіпкерлердің сауда үй-жайларында және ғимараттардың айналасына орнатқан камераларынан ұрылар сескенеді. Ал пәтер ұрлықтарын ашу көрсеткіші 65,7-ден 74,7%-ға дейін өсті.
«Бөтеннің мүлкін ұрлау көп жағдайда алкогольді асыра пайдаланудан соң жасалады. Мәселен, ұялы телефон көп жағдайда дәмханада немесе пәтерде бірге отырып спирттік ішімдік ішуден кейін ұрланады. Әйтсе де телефон ұрлығы азайды. 2021 жылы – 306, өткен жылы 231 факті тіркелді.
Мүлкіңізді немесе затыңызды ұрлатып алмаудың жолы – қырағы болу. Ақша мен басқа да құнды заттарды назардан тыс қалдырмау қажет. Оларды ішкі қалтаңызда ұстаған абзал. Қылмыстың жасалуына жол бермес үшін заттарды көзге түсетін жерлерде қалдырмауға кеңес береміз. Сондай-ақ құжаттар мен бағалы заттарды автомобиль салондарында қалдыруға болмайды. Машиналарды жарық жақсы түсіп тұратын, бейнекамералар қамтитын аймақтарға қою керек», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.