СҚО-да пай бойынша 41 мың адамның ақысын жеген 70 шаруашылық анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура «ПАЙ бойынша өз құқығыңды қорға» атты жобаны қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО прокуратурасының мәліметінше, бұл жобаның мақсаты – елді мекендерде жер үлесі бар тұрғындардың мәселесін шешіп, құқықтарын қорғау.

Осы мақсатта қадағалаушы орган облыстағы жер үлесі бар азаматтардың жалпы санын, пайдағы жердің нақты аумағын анықтау үшін ревизия жасады. Жиі кездесетін мәселелерді анықтады.

«Тексерістің қорытындысы бойынша, 70 шаруашылықтың 41 мың адамның пай үшін алуы тиіс ақысын дұрыс бермей отырғандығы анықталды. Бұдан басқа пайшылардың негізгі проблемалары – жердің заңсыз кепілге қойылуы немесе шартты жер үлестерін жоғалту, кәсіпорын құрамынан шығуға кедергі келтіру, пайға тиісті дивиденттерді төлемеу.

Тексеріс барысында пайшылардың шартты жер учаскелерін олардың келісімінсіз кепілге қойып, кредит алудың тұрақты қолданылып келген тәсілдері анықталды», - делінген прокуратура таратқан хабарламада.

Осы мәселе бойынша облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов Айыртау, Шал ақын, Тайынша, Есіл, Ғ. Мүсірепов аудандарына барып, пай бойынша мәселесі бар ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді.

Пайшылардың құқықтарын қорғау мақсатында 28 талап арыз енгізілді.

Бұл жұмыс жалғасын таппақ.

Естеріңізге салайық, бұған дейін прокурорлардың араласуымен 2020 жылдан бастап жер заңнамасы саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс нәтижесінде ауданы 124 мың га болатын 232 жер учаскесі қайтарылғанын айттық. 26 проблемалық кәсіпорындағы жалпы аумағы 257 мың га болатын 11 мыңнан астам пай иесінің құқығы қорғалды.


Соңғы жаңалықтар