СҚО-да пилотсыз ұшатын аппараттың 27 түрі құрастырылады

None
Фото: "ПАМЖЗ" АҚ баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пилотсыз ұшатын аппараттың 27 түрі құрастырылмақ. Оның алғашқы төртеуінің бүгін таныстырылымы өтті. Бұл – жергілікті зауыттың Қытай халық республикасымен ортақ жоба, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пилотсыз ұшатын аппараттар Петропавл ауыр машина жасау зауытының базасында құрастырылып жатыр. Әзірге 4 түрі жасалған. Олардың әрқайсысының атқаратын қызметі бар. Біреуі 3D карта жасап, 7 шақырым биіктікке көтеріле алады. Бір сағатта 60 шақырымды еңсереді екен. Енді бірі жоғалған адамдарды, қылмыскерлерді іздеуге арналған.


«Ұшу аппаратына қажет материалдың барлығы Қытайдан әкелінген, бұл жерде тек құрастырдық, яғни өнім әзірге 30 да 70 қатынасында, қытайлықтардың үлесі басым. Қазіргі уақытта аппараттың корпусы толық жергілікті зауытта жасалған. Бірақ болашақта біздің әріптестерімізбен 50 де 50 принципімен жұмыс істемекпіз. Яғни кей бөлшектерін жергілікті зауытта жасауды қолға аламыз. Бұл әріптестік ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Қытайға сапары барысында мүмкін болды. Ол жерде меморандумға қол қойылды», - дейді «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директорының арнайы өнімдер жөнінен орынбасары Тимур Нукерей.


Зауыт жұмысшылары арнайы оқудан, дайындықтан өтеді, оларға қытайлық мамандар дәріс оқиды.

Қызметкерлердің алғашқы легі осы мақсатта қыркүйек айының соңында екі айға Қытайға жол тартады.

«Қазіргі уақытта Орта Азия елдерінің ішінде осындай форматтағы ұшу аппаратын тек біз ғана құрастырып жатырмыз. Тапсырыс түсісімен өндіріс жолға қойылады. Әзірге тек тәжірибелік үлгілері ғана жасалды. Болашақта пилотсыз ұшатын аппараттың 27 түрін жасап шығару жоспарланған. Олардың негізгі міндеті – фото-, бейнетүсірілім жүргізу, әскерилер үшін таптырмас құрал. Ауыл шаруашылығы саласында қолдануға болады, мүмкіндігі зор. Қашықтан басқарылатын аппаратты көлік бара алмайтын жерлердегі өртті сөндіруге де пайдаланса болады», - дейді Тимур Нукерей.

Бір аппаратты құрастыруға қазір 1-3 ай аралығында уақыт қажет. Кейін қажетті қондырғылармен толық жабдықталғаннан кейін бұл мерзім айтарлықтай қысқармақ.

Жалпы жаңа жоба аясында 40 адам жұмыспен қамтылмақ.


Соңғы жаңалықтар
telegram