СҚО-да пиротехникалық заттарды рұқсатсыз сатқандарға әкімшілік жаза қолданылды
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мереке қарсаңында пиротехника дүкендері мен базарларда сауда қызу жүріп жатыр. Солтүстікқазақстандықтардың арасында түрлі фейерверктер мен петардалар сұранысқа ие. Алайда бұл өнімдерді дұрыс пайдаланбаған жағдайда денсаулыққа тигізер зияны мол, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Жаңа жыл мейрамы тыныш өту үшін өңірдің Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жылда жедел-алдын алу іс-шараларын өткізеді.
«Өңір тұрғындары мен қонақтарын пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы дүкендерден сатып алу керектігін ескертеміз, бұйымның қаптамасының бүлінбегеніне назар аударыңыздар. Сондай-ақ өнімнің жарамдылық мерзіміне де көңіл бөлген жөн», - дейді СҚО ТЖД Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының аға инженері Әсел Сүйіндікова.

Департамент мамандары сондай-ақ пиротехниканы 14 жастан кіші балалардың қолына бермеуді, радиусы 50 метр аумақта кедергі жоқ екеніне көз жеткізіп және қолды созған күйі ғана фейерверкті жағуға болатынын ескертеді. Пиротехниканы сондай-ақ қатты жел өтінде іске қосуға болмайды.

Егер ол жұмыс істемесе, өнімді қайтадан жағудың қажеті жоқ.
«Адамдар мен жануарларға от шашуды бағыттамаңыз, петарданы аяққа лақтырмаңыз. Тұрғын үйлер мен пиротехниканы іске қосатын алаңның қашықтығы ең кемінде 50 метр болсын. Әрі бұл алаңда ағаштардың, электр желілерінің, басқа да кедергілердің болмағаны жөн», - деп ескертеді Әсел Сүйіндікова.

Бұған дейін пиротехникалық бұйымдарды тиісті рұқсат құжаттарынсыз сатқандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын айтқан едік. Бүгінгі күнге Петропавлда 124 рейд ұйымдастырылып, 6 әкімшілік хаттама толтырылды.