СҚО-да полицейлер иттердің көмегімен биыл 224 қылмысты ашты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл кинологиялық орталық 224 қылмысты ашты, оның басым бөлігі ұрлыққа қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да полицейлер иттердің көмегімен биыл 224 қылмысты ашты

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кинологиялық қызмет орталығында 52 қызметтік-іздестіру иті бар. Олардың жартысы аудандық полиция бөлімдерінде қызмет атқарады.

Қызметтік-іздестіру иттер есірткі, жарылғыш заттарды іздеуде, із кесуде қолданылады. Роби атты бельгия овчаркасы орталықтағы ең жас ит, ол бір жас сегіз айда, есірткілерді іздеуге үйретілген. Злата атты неміс овчаркасына 9 жыл, ол тәжірибелі иттердің қатарында. Ол да есірткілерді іздеу бойынша жұмыс істейді.


«Қызметтік-іздестіру иттерін қолданып жақында облыс орталығында 19 жастағы жігіттің жалған алған пәтеріне тінту жүргізудік. Пәтерден «тұз» атауымен белгілі, әсері аса күшті синтетикалық психобелсенді заттардың бірі - «альфа-PvP» 341 грамын таптық. Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - дейді кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаев.

Полиция майорының айтуынша, ауа райының кез келген жағдайында, адамдар көп жиналатын жерлерде, шектелген аумақта, қала сыртында иттерді үнемі жұмысқа үйретуге басымдық беріледі.


Төрт айда қызметтік-іздестіру иттері жедел-тергеу топтарының құрамына 300-ден аса тартылды. Иттер 224 қылмысты ашуға көмектесті, оның басым бөлігі ұрлық. Есірткі заттарын іздеуге қызметтік иттер 24 рет қолданылды, 6 қылмыс ашылды. 15 келіден аса есірткі заттары тәркіленді, оның басым бөлігі - марихуана, сондай-ақ гашиш пен синтетикалық есірткі.