СҚО-да полицейлер саңырауқұлақ теруге кеткен қарияны түні бойы іздеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер саңырауқұлақ теріп жүріп адасып кеткен 73 жастағы ер адамды түні бойы іздеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да полицейлер саңырауқұлақ теруге кеткен қарияны түні бойы іздеді

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қызылжар ауданының Чапаево ауылының шетіндегі орманда егде жастағы ер адам адасып кеткен. Қарияның кемпірі мен бір туысы оның машинасына келіп кешке дейін күтеді. Телефоны есігі жабық көлікте қалып қойғандықтан хабарласудың амалы болмайды. Қайран болмаған соң, олар полицияға хабарласқан.

«Саңырауқұлақ теруге кеткен қарияны түнімен іздеп таппадық. Абырой болғанда, ол орманның ішімен жүріп отырып, 30 шақырым арыдағы елді мекенге жаяу жеткен. Өзі туралы сол жерден хабарлады», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Дегенмен, қарияның жұбайы жедел әрекет еткені және кәсібилігі үшін полицейлерге алғыс білдірді.

Өңірде саңырауқұлақ терушілер орманда жиі адасып кетеді. Өткен демалыс күндері құтқарушылар саңырауқұлақ тере жүріп адасып кеткен тұрғынның өмірін сақтап қалған болатын.