СҚО-да полицейлер жол апатынан зақымданған көлікті автотрассада алып жүрмек

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жол апатында айтарлықтай зақымданған көлікті көлік жүргізушілеріне көрсетпек. Профилактикалық жұмыс үш күнге шақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да полицейлер жол апатынан зақымданған көлікті автотрассада алып жүрмек

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апатынан зақымданған Toyota көрнекі құрал болмақ. Полицейлер метал сынығына айналған машинаны эвакуаторға салып, көлік ағыны жоғары автотрассаларда алып жүрмек. Көлік борттарына екі тілде «Жол қателікті кешірмейді» деген жазуы бар баннерлер орналастырылды. Бұл – автокөлік жүргізушілерінің назарын аудару үшін қарапайым, эмоционалды әсер етуші құрал. Үш күн ішінде полицейлер оны жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін елемеу қандай салдарға әкелетінін еске салу үшін оны облыстың барлық жолымен алып жүреді.

Алты ай ішінде СҚО-да 127 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 28 апат болып, 11 адам қаза тапты, 64 адам жарақат алды. Полицейлердің айтуынша, негізгі себептердің қатарында жылдамдық режимін арттыру және маневр жасау ережелерін бұзу, қауіпсіз қашықтықты сақтамау, қарсы қозғалыс жолағына шығу бар.

«Жазда автотрассаларда көлік саны артады. Сол себепті профилактикалық жұмыс күшейтілді. 1 шілдеден бастап жаздың соңына дейін «Автомобиль» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы және «Рульде ұйықтау» республикалық акциясы өтіп жатыр. Сонымен қатар 24 шілдеден бастап айдың соңына дейін «Қауіпсіз жол» облыстық жедел-алдын алу іс-шарасы өтеді. Мақсаты – қозғалысқа қатысушылардың тәртібін арттыру, жол апатын азайту», – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.