СҚО-да полицейлер жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер ауа райының бұзылуына байланысты көлік жүргізушілерін жолда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Еліміздің солтүстік өңірлерінде осы кезде қар еріп жатыр. Түнгі уақытта ауа температурасының төмендеуінен жолдардағы кейбір учаскелерде мұз қатып, жол қозғалысына қатысушылардың жүріп-тұруын қиындатады.

Сондай-ақ бүгін СҚО-да күн бұзылып, қар жауды. Осыған орай өңір полицейлері көлік жүргізушілерін ескертіп, жол үстінде сақ болуға шақырды.

«Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтауы қажет. Алда келе жатқан көлікпен арақашықты сақтаған және маневр жасаған кезде абай болған жөн. Көктайғақтың жаяу жүргіншілер үшін де қаупі жоғары. Жолдың рұқсат етілмеген жерлерінен өтпеу керек. Өйткені көлік жүргізушісі байқамай қалуы әбден мүмкін», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ, полицейлер синоптиктер мен төтенше жағдайлар қызметінің ауа райының өзгерістері жайлы ескертулеріне назар аударуға кеңес береді. Алыс сапарға шықпастан бұрын, көліктің техникалық жағдайының дұрыс екеніне көз жеткізу керек. Жолда оқыс жағдайға тап болған жағдайда СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы кезекші бөлімінің 8 7152 61-25-01, 49-32-47 телефондарына немесе 102 арнасына хабарласуға болады.

Жыл басынан облыс аумағында 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 11 адам қайтыс болды, 50 адам жарақаттанды.


Соңғы жаңалықтар