СҚО-да полиция аязға байланысты қала маңы жолдарын шолып жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында 15 полиция экипажы қала маңындағы жолдарды шолып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жергілікті полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол полициясы қатты аязға байланысты күшейтілген режімге көшірілген. Тәртіп сақшылары жол бойындағы жүргізушілерден жолдағы ахуалды, көлігі бұзылып тұрып қалған жолаушылардың бар-жоғын сұрап жүр. Олардың басты міндеті - жүргізушілер мен көлік жолаушыларының аяздан үсіп қалуына жол бермеу.

«Шал ақын ауданында, «Жезқазған-Петропавл» автожолының 741 шақырымында қозғалтқыштың істен шығуы салдарынан «Volvo» жүк көлігі жолда қалды. 56 жастағы жүргізуші Омбыдан Қостанай облысына жүк алып келе жатқан. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлерінен кезекшілік ұйымдастырылды. Бұзылған жүк көлігі қайтадан Омбыға жеткілмек», - деп атап өтеді баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарына аязды күндері көшеде ұзақ болмауға және мүмкіндігінше алыс сапарларға шықпауға кеңес береді.

«Кей жерлерде ауа температурасының -35 градусқа дейін төмендеуіне және боран соғуына байланысты жол-көлік оқиғаларының, жолда көлік құралдарының бұзылуының алдын алу мақсатында республикалық маңызы бар «Астана-Петропавл» тасжолы жабылды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері елді мекендердің аумағынан көлік құралдарының жолдың аталған учаскесіне шығып кетуіне жол бермеу үшін шолғыншылық жасауда», - деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айбын Байматов.


Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар