СҚО-да полиция пунктері мен учаске инспекторының үйі жапсарластыра салынып жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында бірқабатты жаңа нысан бой көтерді. Оның бір жағында полиция пункті орналасса, екінші басында учаскелік полиция қызметкері отбасымен бірге тұратын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, учаскелік полиция пункті кеңсесі мен инспектордың отбасына арналған қызметтік тұрғын үйі бар нысан Шал ақын ауданы Городецкое ауылында пайдалануға берілді. Бұл – өңірдегі осындай алтыншы пункт.

Нысанның жалпы аумағы 100 шаршы метрден асады.

Городецкое – ауыл округінің орталығы. Құрамына Жалтыр, Мерген, Бағанаты, Коноваловка ауылдары кіреді.

2021 жылдың қараша айынан бастап осы округке учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Рустам Нұрғалиев қызмет көрсетеді.

Учаскелік полиция инспекторының жұбайы мен екі кішкентай баласы бар.

Салтанатты шараға қатысқан облыстық полиция бастығы Айдын Қабдұлдинов тәртіп сақшысына бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту, ауыл тұрғындарының барлық өтініш-тілегіне жауап бере отырып, қызметті адал атқару қажеттігі айтылды.

Аудан әкімі Рахат Смағұлов үйді салуға қол ұшын берген жергілікті тұрғындарды, мердігерлерді атап өтті. Ауылдың бірқатар тұрғыны, сондай-ақ Шал ақын ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аудан әкімінің және полиция департаментінің грамоталарымен марапатталды.

Айта кетейік, 2021 жылдан бастап Петропавл қаласында, сондай-ақ Мамлют және Уәлиханов аудандарында жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлердің қолдауымен тұрғын үймен біріктірілген 6 учаскелік полиция пункті салынып, пайдалануға берілді. Жақында облыстың бірқатар ауданында осындай қызметтік үйлерді пайдалануға беру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар