СҚО-да полицейлер рейдке шығып, мас жүргізушілерді анықтап жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 19 сәуірден бастап полицейлер «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізіп жатыр.

СҚО-дағы рейд
Фото: СҚО полиция департаменті

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тимирязев ауданында полицейлер тексеру үшін екі «BUHLER» тракторын тоқтатты. Жүргізушілерден спирттік ішімдіктің иісі шыққан. Медициналық куәландыру олардың алкогольдік мас күйде екенін көрсетті. 38 және 27 жастағы ер адамның екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Көлік құралдарын мас күйде жүргізуге жол берілмейді. Мас адамдар өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да тікелей қауіп төндіреді. 4 күн ішінде облыс жолдарынан 25 мас жүргізуші ұсталды, - дейді тәртіп сақшылары.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға: қауіпсіздік белдігін пайдалануға, телефонға алаңдамауға, жарық шамдарын қосып жүруге шақырады. Бұл қарапайым әрекеттер арқылы денсаулықты да, өмірді де сақтап қалуға болады.

Бұған дейін Петропавлда жасөспірім қағып құлатқан соғыс ардагерінің ауруханаға жатқызылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар