СҚО-да Рено және Ниссан көлік орталығы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыс орталығында мамандырылған «Renault» және «Nissan» көлiк орталығы ашылды. Шараға облыс әкімі Ерiк Сұлтанов қатысты.

СҚО-да Рено және Ниссан көлік орталығы ашылды

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңiр басшысы орталық жетекшілері мен қызметкерлерiн салтанатты ашылу шарасымен құттықтап, жергiлiктi билiк тарапынан қажеттi қолдау көрсетiлгендiгi туралы атап өттi.

«Уақтылы техникалық шарттары жасалып, құрылысқа арналған жер телiмi бөлiндi. Жаңа нысандардың ашылуы өңiрiмiз үшiн маңызды. Бұл ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуы, бюджет кiрiсiнiң артуы, экономиканың тиiмдi өсуi»,-дедi Ерiк Хамзаұлы.

«SK Holding Company» ЖШС директоры Сергей Корельчук өз кезегiнде компаниядағы қызмет көрсету деңгейi еуропалық стандартқа сай келетiнiн атап өттi. Көлiк орталығының қызметкерлерi сертификат берiлетiн оқытудан өтедi.

Әлемнiң жетекшi елдерiнiң көлiк орталықтары толық жеке меншiк қаражатқа салынған. Солтүстiкқазақстандықтар үшiн 72 жаңа жұмыс орны ашылды.