Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да Ресейден әкелінген құрылыс материалдарынан зиянкестер табылып, тақтайлар толық жойылды


ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына Ресейден әкелінген тақтайларда карантиндік зиянкес — шыршаның кіші қара мұртты қоңызы болған. 

СҚО-да Ресейден әкелінген құрылыс материалдарынан зиянкестер табылып, тақтайлар толық жойылды
Фото: Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің СҚО аумақтық инспекциясы

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, бұл дерек карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында анықталған.

— 2 маусымда Петропавлда мемлекеттік өсімдіктер карантині инспекторлары Ресейдің Қорған облысынан жеткізілген көлемі 33 текше метр қарағай тақтайдарды тексеру барысында карантиндік зиянкес — шыршаның кіші қара мұртты қоңызы (имаго) барын анықтады.
Ол «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген карантиндік фитосанитариялық сараптама нәтижесінде расталды, — дейді аумақтық инспекцияның бас маманы Гүлнұр Әубәкірова.

Осы дерек бойынша жеке кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік іс қозғалды.

Сот шешімімен кәсіпкер кінәлі деп танылып, оған 130 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ карантиндік зиянкесі бар құрылыс материалдары тәркіленіп, жойылды.

Мамандардың мәліметінше, өңірде фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында карантиндік бақылау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері бұл анықталып отырған осымен тоғызыншы жағдай.

Бұған дейін Ресейден әкелінген 30 текше метр қарағай пиломатериалдары толық жойылғанын жазған едік.