СҚО-да рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою туралы жалған деректер әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару саласында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

Ақтөбенің айналасында 100-ден астам заңсыз қоқыс алаңы анықталды
Фото: Досжан Жасұлан

Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес жүргізілген талдау барысында 79 рұқсат етілмеген қоқыс полигонының жойылғаны туралы жалған деректер берілгені белгілі болды. Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Тайынша және М. Жұмабаев аудандарында қалдықтардың арнайы белгіленбеген жерлерге жинақталғаны, тұрмыстық қалдық полигондары аумағынан қалдықтардың шығарылғаны анықталды.

Сонымен қатар, Мамлют және Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласындағы қолданыстағы полигондар экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Экология департаменті анықталған жүйелі құқық бұзушылықтарға шара қолданбаған, бұл өңірдегі нақты экологиялық жағдайдың бұрмалануына әкелген.

- Прокурорлық қадағалау нәтижесінде облыс әкімдігі 2025–2026 жылдарға арналған экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарда тарихи қоқыс орындарын заңдастыру, мерзімдер, қаржыландыру көлемі және бақылау тетіктері нақты көрсетілген.

Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою туралы жалған есеп бергені үшін және экологиялық бақылауды тиісінше жүргізбегені үшін 13 лауазымды тұлға, соның ішінде Экология департаментінің басшысы, облыс әкімдігі табиғи ресурстар басқармасының басшысы және бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - делінген бақылаушы органның ақпаратында.

СҚО табиғат қорғау прокурорының қаулысымен ӘҚБтК-нің 324 және 344-баптары бойынша 12 ауылдық округ әкіміне жалпы сомасы 1,3 млн теңге айыппұл салынды. Барлық айыппұлдар толық өндірілді.

Айта кетейік, СҚО-дағы Бәйтерек және Бескөл тұрғындарының мазасын қашырған қоқыс полигоны жабылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум