СҚО-да рұқсат етілмеген полигон үшін аудан әкімдіктерінің қызметкерлері жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және кәдеге жарату бойынша бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мәлімдеді.
Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары Кодекстің 365-бабы 4-тармағын бұза отырып, облыста коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекітпеген. Атап айтқанда, аудан әкімдіктері Кодекс талаптарына қайшы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және кәдеге жарату бойынша халыққа арналған тарифтерді әлі бекітпегені анықталды.
«Облыстың барлық аудандарында Кодекс талаптарын бұза отырып, уәкілетті орган коммуналдық қалдықтарды қалыптастыру және жинақтау нормаларын есептеу қағидаларын қабылдамаған, ал әкімдіктердің жауапты тұлғалары қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жұмыстарын ұйымдастырмаған. Аққайың, Мамлют, Қызылжар аудандарында рұқсат етілмеген (апатты) 10-нан астам полигон анықталды» - делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, апаттық полигондар жойылды, сондай-ақ облыс әкімдігімен коммуналдық қалдықтарды қалыптастыру және жинақтау нормалары, тарифтер мен бағдарламаларды әзірлеу бойынша Жол картасы бекітілді.