СҚО-да сапасыз су үшін санитар мамандар 3 кәсіпкерге 5 млн теңге айыппұл салды

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар бақылауында 115 су құбыры бар, оның біреуі қалалық елді мекеннің су құбыры, 5-еуі топтық су құбыры, 109 жергілікті су құбыры ауылдық жерлерде орналасқан, бұдан басқа 372 қоғамдық құдық және терең ұңғыманы бақылауда ұстайды.
Былтыр санитар дәрігерлер таза сумен жабдықтау жүйесіне санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіп, су құбыры суынан бактериологиялық көрсеткіштерге 1324 сынамасын алып, зерттеді. Соның ішінде екі сынама талапқа сай келмеді.
Тимирязев ауданында құбыр суы бактериологиялық көрсеткіштер бойынша 1,6 %-ға сәйкес келмеді. Жуу және дезинфекциялау жүргізілгеннен кейін қайта су сынамалары алынып, ауытқу байқалмады.
Су құбырынан санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 878 сынама алынып, зерттелді, 16 сынама немесе 1,8 %-ы сәйкес келмеді. Айыртау, Аққайың, Мамлют, Тайынша, Тимирязев, М.Жұмабаев аудандарында су құбыры суының химиялық құрамы сәйкес келмеді. Оның кермектігі, иісі, дәмі, түсі көрсеткішке сай болмады.
Орталықтандырылмаған сумен жабдықтау нысандарынан былтыр бактериологиялық көрсеткіштерге 534 сынама алынды, 20 сынама немесе 3,7 %-ы сәйкес келмеді. Аққайың, Жамбыл, Тайынша, Шал ақын аудандарында, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда тек тазарту мен дезинфекциядан кейін ғана су талапқа сай келді. Ал санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 513 су сынамасы зерттелді, 37 сынама немесе 7,2 %-ы сәйкес келмеді. Айыртау, Жамбыл, Тайынша және Шал ақын аудандарында көрсеткіштен ауытқу болды. Мамандардың ескертуінен кейін бұл сумен жабдықтау нысандарында сүзгілер тазартылып, жуылып, кейбірі ауыстырылды. Олқылықтар тез арада жойылғандықтан істер сотқа жеткен жоқ және нысандар жұмысын тоқтатқан жоқ.
Жалпы, тексеріс қорытындысы бойынша 3 кәсіпкерлік субъектісінің 4 нысаны әкімшілік жауапқа тартылды, 5 млн теңге сомасына 3 айыппұл салынды.