СҚО-да сәуір айының соңында су тасқыны болуы мүмкін - синоптиктер

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында синоптиктер көктемгі су тасқынын сәуір айының соңында болады деп болжады. Ал Петропавлда Есіл өзені мамыр айының басында тасымақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мамандары наурыз айынан бастап гидрологиялық бекеттер арқылы өзен-көлдердегі, су қоймаларындағы өзгерісті бақылауға алған. Өңірде 19 гидрологиялық бекет бар, оның 16-сы Есіл өзені мен оның салаларында орналасқан. Екеуі Петропавл және Сергеев су қоймаларында және біреуі Үлкен Тораңғұл көлінде тұр.

Бақылау күніне екі рет таңғы сағат 8.00-де және кешкі сағат 20.00-де жүргізіледі. Су көтеріле бастағасын-ақ гидрологиялық бекеттерде су деңгейін тексеру жиілігі артады.

«Наурыз айында инженер-гидрологтар гидрологиялық тораптарды қарап шықты. Қазіргі уақытта барлық бекеттер тексеру жүргізуге қажет керек-жарақпен толық қамтылған.

Сергеев су қоймасы бүгінде 76 %-ға толған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмен, былтыр осы кезде 86 %-ға толған еді. Жалпы бұл су қоймасында тасқын кезінде 1 млрд-тан 1,5 млрд текше метрге дейін су болады деген болжам бар. Жалпы сыйымдылығы 1,3 млрд текше метр. Сергеев су қоймасынан жоғары Есіл өзеніндегі су қоры жылдағы орташа көрсеткіштен 33 %-ға артық, бірақ, былтырғыдан 33 %-ға кем», - дейді «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженері Роман Гиричев.

Синоптиктердің болжамынша, айдың соңында сынап бағанасы көтеріліп, күн жылынады, шағын өзендерде мұз жарыла бастайды. Сәуір айының бірінші онкүндігінде де ауа райы жылы болады, облыстың шағын өзендерінде су деңгейі көтеріле бастайды. Ал шағын өзендер арнасынан тек екінші онкүндікте шығады. Үшінші онкүндікте Сергеев су қоймасынан жоғары Есіл өзені тасиды. Ал Петропавлда Есіл өзені мамыр айының басында тасуы мүмкін деген болжам бар.

«Соңғы мәлімет бойынша, облыста қардағы су қоры біркелкі емес. Ең төмен көрсеткіш Ақжар және Тайынша аудандарында тіркелді, 16 мм-ден 29 мм-ге дейін ғана. Ең жоғары су қоры Аққайың, Тимирязев, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда, 80-84 мм аралығында. Қалған аудандарда жылдағы нормаға сәйкес», - дейді Роман Гиричев.


Соңғы жаңалықтар