СҚО-да саусағынан темір шайба шықпай қалған балаға құтқарушылар шақырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 4 жасар баланың саусағынан темір шайба шықпай қалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да саусағынан темір шайба шықпай қалған балаға құтқарушылар шақырылды

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 4 жасар сәби ойнап отырып, саусағына сақина ретінде металл шайбаны таққан. Бірақ өз бетімен қайта шеше алмаған. Үйдегі ересектер жағдай ушықпауы үшін бірден құтқарушыларға хабарласқан.

Оқиға орнына «СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ жедел-құтқару жасағы жеткен. Олар металды тістегішпен кесіп, баланың саусағын босатты.

«Балақай қатты үрейге бой алдырмады. Жылап, қолды-аяққа тұрмаса жұмысымыз қиындар еді. Сол себепті баланың саусағын босатуға бірнеше минут уақытымызды ғана жұмсадық. Оған медициналық көмектің қажеті болмады», - дейді құтқару бөлімшесінің жетекшісі Нұрболат Айсин.

Құтқарушылар ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауларын сұрайды. Ал оқыс оқиға туындаған жағдайда бірыңғай құтқару қызметінің «112» телефон нөміріне хабарласуға болады.