СҚО-да шамадан тыс жүк артқан көлік жүргізушілері 29 млн теңге айыппұл төледі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көлікті бақылау инспекциясы шамадан тыс жүк артып, жолды бүлдіріп жатқан көлік жүргізушілеріне жыл басынан 95 әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүк көліктерінің белгіленген мөлшерден жүкті асырмауы облыс жолдарындағы үш көшпелі бекет арқылы бақыланады. Олар қажетті техникалық қондырғымен толық жабыдықталған.
«Жолға шыққан жүк көлігі салмағын әр оське 8 тоннадан асырмауы керек. Ал үш білікті көліктің жалпы салмағы 25 тоннадан артпауы тиіс. Айыппұл сомасы аз емес. Шағын бизнес субъектісі жүк тиеу нормасын 1-5 тоннаға асырса 80 АЕК мөлшерінде немесе 220 мың теңге айыппұл төлейді. Орта кәсіпкерлік субъектісіне 180 АЕК - 500 мың теңге айыппұл салынады», - дейді СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Руслан Сейталин.
Жыл басынан жүк тасымалдаушыларға қатысты 95 әкімшілік іс қозғалды. Салынған айыппұл көлемі – 14 млн теңгеден асады. Оның 3,5 млн теңгесін жүкті жіберушілер төлеген.
«Ауыр жүк көліктері бар компаниялар негізінен жол құрылысына тартылған. Олар аз шығын арқылы мол табыс табуды көздеп, тас пен құмды шамадан тыс артады. Яғни бір жағынан істеп, екінші жағынан бұзып жатыр. Айыппұл төлегендердің басым бөлігі осы жол құрылысында жүрген жүк тасымалдаушылар», - дейді Руслан Сейталин.
Жалпы жыл басынан көлікті бақылау инспекциясы 2,5 мың көлікті тексеріп, жүк тасымалдаушыларға қатысты 392 әкімшілік материал толтырған. Айыппұлдың жиынтық сомасы 29 млн теңге. Заңбұзушыларды анықтауға инспекцияға жергілікті атқарушы орган өкілдері, тәртіп сақшылары көмектескен.
Бүгінде көлікті бақылау инспекциясы 19 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынады. Соның 7-еуі күре жолда қатынайтын жүк көлігіне қатысты. Жыл басынан оларға 600-ден астам арнайы рұқсат берілген. Нәтижесінде мемлекетке 39 млн теңге кіріс келді.