СҚО-да шетелдікті заңсыз жұмысқа алған 10 адам жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында республикалық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасының 4 күні ішінде шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 10 жұмыс беруші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да шетелдікті заңсыз жұмысқа алған 10 адам жазаланды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қазаннан бастап өңір полицейлері жалдамалы пәтерлерді, құрылыс алаңдарын, базарларды, фермерлік және шаруа қожалықтарын, шетелдіктердің жүруі мүмкін басқа да орындарды күшейтілген режимде тексеріп жатыр. Бұл жұмыс республикалық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасының 2 кезеңі аясында жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қазақстандықтар оларға шетелдік азаматтардың келгені жөнінде көші-қон қызметін үш күннің ішінде хабардар етуі керек. Алайда бұл заң талабы жиі бұзылады. Жедел-профилактикалық іс-шараның 4 күнінде осындай 77 дерек анықталды.

Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 10 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Мәселен, Шал ақын ауданының тұрғыны Қазақстанға келіп жұмысқа орналасуға рұқсат алмаған Өзбекстан азаматын үйіне жұмысшы ретінде қабылдаған.

«Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 92 шетелдік жауапқа тартылды. Олардың ішінде алыс шетелден келген Түркия азаматы да бар, ол Қазақстанда визасыз жүру мерзімін бұзған, яғни 30 күндік мерзімі өтіп кеткен. Бұдан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шара барысында сот шешімімен ҚР заңнамасын бұзғаны үшін елден 7 шетелдік азамат шығарылды. Олардың басым бөлігі – елде болу мерзімін бұзған», - дейді көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.