СҚО-да шілде айы басталғалы екі адам суға кетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында суға шомылу маусымы басталғалы үш адам суға кетті. Олардың барлығы рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да шілде айы басталғалы екі адам суға кетті

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы оқиға бір апта бұрын Жамбыл ауданында болған. Троицкое елді мекенінен 3 шақырым қашықтықта орналасқан қолдан жасалған қазандыққа 41 жастағы ер адам суға түсуге барып, батып кеткен.

10 шілде күні 39 жастағы ер адам суға кетті. Ол Қызылжар ауданы Семипалатное елді мекені маңындағы Есіл өзеніне суға шомылуға барған. Бұл екі жер де суға шомылуға жарақтандырылмаған, яғни қауіпті.

Ал үшінші оқиға 7 маусым күні Петропавлдағы «Восточный берег» дәмханасының маңында болған. Балық аулауға барған ер адам абайсызда суға кеткен, оның құтқару жилеті болмаған.

Құтқарушылардың айтуынша, былтыр суға шомылу маусымында бес адамның, соның ішінде бір баланың қазасы судан болған. Жалпы соңғы он жылда өңірде 216 тұрғын суға кеткен.

Мамандар оқыс оқиғалардың алдын алу үшін полицейлермен, ұлттық гвардияның әскери қызметшілерімен, көліктік бақылау инспекциясы мамандарымен және волонтерлермен бірге рейдтер өткізіп, тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізеді.

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жағажайларды жалға алушылар ТЖ департаментінің ұсынысы бойынша халықтың бос уақытын ұйымдастыру үшін су айдындарына түгендеу жүргізіп, жедел-құтқару жасағында оқудан өткен ерікті құтқарушылар, сондай-ақ медицина қызметкерлері демалыс орындарында кезекшілік атқаратын болған.

Ал қала бассейндерінде балаларды жүзуге тегін үйретеді.