СҚО-да шомылуға болатын 60 орын белгіленді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында санаулы күннен кейін шомылу маусымы басталады. Биыл өңірдің өзен-көлдерінде 60 орын суға түсуге жарақтандырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да шомылуға болатын 60 орын белгіленді

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, облыс аумағындағы бұқаралық демалыс орнының алтауы – коммуналдық меншікте, қалған 54-ін жеке кәсіпкерлер жалға алған.

«1 маусым – өзен-көлдерде шомылу кезеңі басталады. Оқыс оқиғаларға жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Десек те жүйелік сипаттағы бірқатар кемшілік бар, ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігін, үгіт материалдарының аздығын көреміз. Адамдардың суда қауіпсіз демалуын ұйымдастыруда, әсіресе, бұрын адам өлімі тіркелген жерлерде олқылықтар кездеседі. Кей жерлерде «Шомылуға тыйым салынады» белгілері ескірген немесе жұлынып қалған», - дейді департамент басшысы.

СҚО-да соңғы 10 жылда 216 адам суға батып кетті, оның 34-і бала. Былтыр 5 адамның, соның ішінде бір баланың ажалы судан болды.

«Суға кеткендердің 90% мас болған, былтыр 31 адам құтқарылды, олардың да спирттік ішімдік ішіп суға кіргені анықталды. Шомылу кезеңінде Департамент күн сайын полиция қызметкерлерімен бірге ортақ су пайдалану ережелерінің және қоғамдық жерде спирттік ішімдіктерді ішуге жол бермеу мақсатында рейдтер жүргізеді. Жылына орта есеппен 400-ден астам адам рұқсат етілмеген жерде шомылғаны үшін, 600-ден астам адам су басында, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкені үшін жазаланады», - дейді Рамиль Камалов.

Департамент бастығының айтуынша, шомылу кезеңінде балалардың қауіпсіздігі мәселесі де өткір тұр, өйткені кәмелетке толмағандар көбінесе ата-аналар мен ересектердің қарауынсыз қалады екен.

Бұған дейін хабарланғандай, Астанада шомылуға болатын - 4 орын, ШҚО-да - 14 орын, Абай облысында - 10 учаске, Алматы қаласында 4 орын белгіленген болатын.