СҚО-да соғыс ардагерлеріне 250 мың теңгеден берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне 100 АЕК, яғни 250 мың теңге көлемінде сыйақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да соғыс ардагерлеріне 250 мың теңгеден берілді

Былтыр өңірде 130 соғыс ардагері болса, биыл Жеңіс мерекесін олардың 82-сі ғана қарсы алмақ. Майдангерлердің ең жасы қазір 93-те. Бұдан басқа Петропавлда 3457 тыл еңбеккері тұрып жатыр.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовтің айтуынша, майдангерлердің ешқайсы назардан тыс қалмайды. Олар бұрын өздері еңбек еткен ұйым-мекемелерге бекітілген. Мейрам қарсаңында әрбіріне сый-сияпат көрсетіледі.

«Соғыс ардагерлеріне теңелгендерге биыл 5 АЕК мөлшерінде бірреттік сыйақы беріледі. Бұдан басқа, ай сайын оларға 16 АЕК - 40 мың теңге шамасында төленеді. Барлығына тісіне протез салу, санаториялық шипажайда ем алу - тегін. Сондай-ақ мереке қарсаңында ардагерлер ТМД елдері бойынша бір бағытқа тегін жол жүре алады», - деді ол.

Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғысқа 92 мың солтүстікқазақстандық аттанса, әр үшінші отбасыға «қара қағаз» келді. 34 мың адам еңбек әскеріне алынды. Солтүстікқазақстандық 56 жауынгер Кеңес Одағының Батыры, 11-і Даңқ орденінің толық кавалері атанды.