Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да соңғы бес жылда 823 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан және жер заңнамасын бұза отырып игерілген ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

жер дауы, жайылым, егіншілік, бақша, мал шаруашылығы
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, 2022-2026 жылдар аралығында облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 823,1 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 149 мың га егістік болса, 612,5 мың га жайылымдық жерлер.

— Жер ресурстарын мемлекеттік бақылау тек жерді қайтарумен шектелмей, жер учаскелерінің заң талаптарына сәйкес пайдаланылуын да тексереді. Былтыр 342 тексеру жүргізіліп, 192 заң бұзушылық анықталды. Биыл жыл басынан бері 166 тексеру өткізіліп, заң талаптарын сақтамаудың 85 дерегі тіркелді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз пайдалану немесе мүлдем пайдаланбау — ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар. Осыған байланысты былтыр 33 шаруашылық, биыл 9 шаруа қожалығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді СҚО жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Айтпай Байдюсенов.

Жерді ұзақ уақыт бойы пайдаланбау оның мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтаруға негіз болуы мүмкін. Департамент былтыр жалпы аумағы 2,6 мың га болатын 4 жер учаскесін алып қойған. Оның 220 га — егістік, 2,4 мың га — жайылым.

Биыл 12 мың га болатын 2 жер учаскесі алынды. Оның ішінде 379 га егістік және 11,7 мың га жайылымдық жер. Бұдан бөлек, мамандардың айтуынша, қазір жалпы аумағы 39 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мәжбүрлеп алып қою туралы 5 талап арыз қаралып жатыр. Мұнда да басым бөлігі — 36,5 мың га жайылым.

— Жерді мақсатсыз пайдалану ғана емес, мемлекеттік меншік құқығын бұзу фактілері де бақылауға алынған. Былтыр жерді заңсыз иелену, өз бетінше пайдалану немесе жер учаскесінің шекарасын заңсыз өзгерту бойынша 20 факт анықталған. Биыл мұндай 16 факт тіркеліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді Айтпай Байдюсенов.

Бұған дейін Павлодарда қайтарылған жайылымдық жерлер халыққа бұйырмай отырғанын жазған едік.