СҚО-да соңғы жарты жылда желшешек жұқтыру дерегі үш есе азайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында желшешекпен ауыру бәсеңдеді. Өткен жарты жылда өңірде 725 адам ауырса, былтыр сәйкес кезеңде 2244 сырқат тіркелген.

Ферроқорытпа зауытындағы оқиға: қарағандылық дәрігерлерге елордадан әріптестері көмекке келді
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, желшешек – жіті инфекциялық ауру. Көбіне балалар сырқаттанып, кейін иммунитет қалыптасады, инфекцияның қайталануы өте сирек кездеседі. 

Ал ересектер желшешекті жұқтырған жағдайда ол әлдеқайда ауыр өтеді, дене қызуы қатты көтеріліп, бас ауырады, жүйке жүйесі бұзылуы мүмкін. Асқынған жағдайда ішкі органдар мен мидың зақымдануына – пневмония, энцефалит, гепатитке әкелуі мүмкін, кейде соңы өліммен де аяқталатын жағдайлар болады. 

«Ауру басталғанда сырқаттың дене қызуы 37,5 ℃-тан 39℃ дейін күрт көтеріледі, басы ауырады. Желшешекке тән белгілері – денеге бөртпе шығып, оның қышуы. 

Желшешектің қызылша, қызамық, скарлатина бөртпелерінен айырмашылығы, ол тек теріде және шырышты қабаттарда ғана емес, бас терісінде де пайда болады. Дене температурасы әдетте 3-5 күнде қалыпқа келеді, ал бөртпедегі қотыр 7-14 күннен кейін түсе бастайды. Науқас бөртпе шыққаннан кейін 10 күн өтісімен сауыға бастайды», - дейді Арман Күшбасов. 

Инфекция ауру адамнан ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде таралады. Сондықтан науқас пен сау адамдар арасындағы байланысты шектеу өте маңызды. 

«Желшешекпен ауырған науқас теріге бөртпе шығардан 20-24 сағат бұрын және соңғы везикула-бөртпе пайда болғаннан кейін 5 күн бойы ауру жұқтыруы мүмкін. Инкубациялық кезең 21 күнге дейін созылады. 

Егер отбасында біреу ауырып қалса, міндетті түрде дәрігерді шақыру керек. Асқынуға жол бермей, ем алған жөн. Ал алдын алу үшін науқаспен байланысты шектеп, оған жеке ыдыс-аяқ, төсек-орын, гигиеналық керек-жарақ бөлу керек. Киімдері мен төсек-орындарын бөлек жуып, үй-жайды жиі жуып және желдетіп отыру қажет», - дейді Арман Күшбасов. 

Бұған дейін Алматыда сирек кездесетін жүрек ауруына шалдыққан 21 жастағы жігітке күрделі ота жасалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар