СҚО-да сотталған адамды құтқарып қалған пробация қызметкері наградталды

СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Президентінің Жарлығымен Мағжан Жұмабаев ауданының пробация қызметі бөлімінің инспекторы әділет аға лейтенанты Ғалымжан Байбусин сотталғанның өмірін сақтап қалғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Естеріңізге сала кетсек, пробация қызметі бөлімінің инспекторы Ғалымжан Байбусин күнделікті профилактикалық әңгіме жүргізу үшін сотталғандардың біріне хабарласқан. Алайда ер адам телефонға жауап бермеген. Сотталғанның жүрген жерін біліп отыру үшін тағылған электронды құрал да қуатының бітуіне байланысты көрсетпеген. Бірақ соңғы мәліметтер бойынша, сотталған тұрғылықты жерінен кетпеген.
Әділет аға лейтенанты учаскелік полиция инспекторымен бірге мән-жайды анықтау үшін сотталған адамның үйіне барған, алайда есігі ішінен құлыптаулы болған.
«Үйден өткір иіс шығып, түтін терезеден көрінді. Өрт шыққанын түсініп, бірден әйнекті сындырып, үйге кірдік. Үй иесі – сотталғанды төсекте ес-түссіз жатқан күйінде таптық. Жедел жәрдем шақырып, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Кейін Булаев қаласындағы орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Кәсіби дәрігерлік көмек көрсетілгеннен кейін ол есін жинады», - дейді Ғалымжан Байбусин.
Кейін белгілі болғандай, ұйықтар алдында ер адам темекі тұқылын пешке тастай салған. Оның отын мен қағазға толып тұрғанын ұмытып кеткен. Дұрыс сөнбеген тұқылдан ағаш тұтанып, улы газ ішке тараған. Оған қоса пеш қасында тұрған пластик леген де қызудан балқып, өткір иіс шығарған.
Әділет аға лейтенанты Ғалымжан Байбусиннің қырағылығының және уақтылы көрсетілген алғашқы медициналық көмектің арқасында сотталған тірі қалды.