СҚО-да спорт қызметкерлері марапатталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Спорт күні қарсаңында 20-дан астам сала қызметкері түрлі марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Тамыздың әр үшінші жексенбісі спорт саласы қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді.

СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде бүгінде 176 мың адам немесе тұрғындардың үштен бірі спортпен тұрақты түрде айналысып, саламатты өмір салтын ұстанады. Спорт нысандары қолжетімді болуы үшін жыл сайын елдімекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Былтыр екі аудан орталығында ашылса, биыл алты ауданда осындай кешендердің құрылысы жүріп жатыр.

«Бұл мақсатқа 3 млрд теңге бөлінді. Қаржы өткен жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Жаңа стадиондардың, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің ашылуы тұрғындарды, жастарды спортпен айналысуға ынталандырады», - дейді СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.

Спорт күні қарсаңында осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі бағаланды. Оның ішінде Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері, СҚО-ның құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов та бар. Спорт саласының ардагері 10 тамыз күні 75 жасқа толған еді. Ол - облыстық спортта дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының негізін қалаған, көптеген танымал спортшының жаттықтырушысы. Бүгін ардагер ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Түрлі деңгейдегі жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүрген солтүстікқазақстандықтар жетерлік. Олар: Александр Винокуров, Жанат Жақиянов, Алексей Луценко, Маргарита Мукашева, Михаил Литвин, Нұрқожа Қайпанов және тағы басқалары. Облыста ұлттық спорт түрлері де жақсы дамып келеді. Өңір басшысының тікелей қолдауының арқасында «Қызылжар арландары» спорт клубы құрылды. Олар екі-үш жылдың ішінде екі рет ел чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, үшінші орыннан көрінді. Ал жерлес балуан Қуаныш Ысқақов екі дүркін қазақ күресінен әлем чемпионы атанды», - дейді Сергей Мелехов.

Спорт саласының 23 қызметкері кәсіби мереке қарсаңында СҚО әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, министрліктің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар