СҚО-да су тасқынына байланысты 7 мектеп қашықтан оқытып жатыр

Алматыда оқушылар ауа райына байланысты екі күн қашықтан оқиды
Фото: Pixabay

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты 1801 оқушы қашықтан оқып жатыр.  

СҚО білім басқармасының мәліметінше, өңірде су тасқынынан зақымданған мектептер жоқ. Кеше төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты облыста Петропавл қаласының № 13 орта мектебі және Есіл ауданының Покровка орта мектебі қашықтан оқыту форматына ауыстырылған еді. Бұл білім ордаларында 400-ге жуық бала білім алады.

Бүгін олардың қатарына тағы бес мектеп қосылды. Олар: Қызылжар ауданының 5 мектебі - Озерная орта мектебі, «Парасат» мектеп-лицейі, №2 Бескөл орта мектебі, Приишим негізгі мектебі және Бәйтерек орта мектебі.

Жолдардың шайылуына және бұзылуына байланысты тағы 6 ауданның 8 мектебінде балаларды тасымалдау уақытша тоқтатылды. Мамандардың айтуынша, сабақтар аралас форматта өтеді. 78 оқушы үшін қашықтықтан оқыту ұйымдастырылды.

Бұған дейін су тасқынына байланысты СҚО-да ауыз судың ластанғаны туралы хабардың тарағанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар