СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 200 үйдің құрылысы басталды

СҚО
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке Мемлекет басшысының су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді, инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады.

ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында инфрақұрылымды қалпына келтіру және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары белсенді жүріп жатыр. 4 мыңға жуық отбасыға жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Азаматтардың баспана мәселесін шешу бойынша шаралар кешені қабылдануда. Өңірде барлығы 3,8 мың үй су астында қалып, оның бүгінгі таңда 1,3 мыңы тексерілді.

Петропавл қаласының «Солнечный-2» ықшам ауданында бекітілген үш жоба бойынша 500 тұрғын үй салынады. Тиісті меморандум жасалып, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Мәселен, «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 100 үй салынып жатыр. «Kazakhmys» корпорациясы Қор арқылы тағы 100 үй сала бастады. Ірі панельді құрылысқа маманданған елордалық «GLB үй құрылысы комбинаты» зауыты «Kaspi» АҚ қаражатына 300 тұрғын үй салады.

СҚО тұрғындарына баспана сатып алу үшін жылжымайтын мүліктің бастапқы және қайталама нарықтары негізінде пәтерлер пулы жасақталды. Петропавлда алғашқы 7 пәтер сатып алынды, аталған жұмыс одан әрі жалғасады.

Ойқала ықшам ауданында және Былғары кентінде 26 үй мен 7 пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы алғанда, бүгінде ықшам аудандар мен ауылдарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 800-ден астам жұмысшы мен 400 техника жұмылдырылған.

Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов Премьер-Министрге өңірдің егіс науқанына толық дайын екендігін айтты. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4,5 млн га алқапқа егін егу жоспарда бар. Оның ішінде 3,4 млн га дәнді дақылдарға, 751 мың га майлы дақылдарға және 379 мың га мал азықтық дақылдарға бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін СҚО шаруалары қарақұмық алқабын 26 мың гектарға дейін, жасымық алқабын 133,9 мың гектарға дейін ұлғайтады. Картоп егуге 26 мың га жер бөлінеді.

Техника 100% дайын. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының алқаптарына барлығы 12,7 мың трактор, 14 мың бірлік астық сепкіш және 1,4 мың егіс кешені тартылады. Осы жылы өңір шаруалары 14 млрд теңгеге 525 техника мен құрал сатып алып, автопаркті жаңартты.

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 62 млрд теңге, оның ішінде «Кең Дала» бағдарламасы бойынша – 22 млрд теңге, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша – 14 млрд теңге, «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша – 26 млрд теңге қарастырылған.

Үкіметтің шешімі бойынша облыс шаруаларын қолдауға қосымша 84 млрд теңге бөлінді. Фермерлерге «Кең Дала – 2» бағдарламасы бойынша, 5% пайыздық мөлшерлемемен және «Даму» қорының кепілдігімен несие беріледі.

СҚО әкімі Премьер-Министрге Мемлекет басшысының сапалы тыңайтқыштар өндіру және енгізу есебінен өнімділікті арттыру бойынша алға қойған міндеттерін орындау барысы туралы баяндады. Биыл облыс шаруалары топыраққа 256 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр, бұл 2023 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 65,8 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда 246,2 мың тонна тыңайтқышқа шарттар жасалып, 204,6 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов зардап шеккен елді мекендердегі тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді, сондай-ақ өңірде егіс науқанын уақытылы әрі сапалы жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар