СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM – Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа шағынаудан салынды. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табиғи апат салдары қалай қалпына келтірілгенін айтып берді.

СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетілді
Фото: ОКҚ

Әкімнің айтуынша, облысқа 3,5 млрд текше метр қызыл су келді, өңірдің инфрақұрылымы баршама зардап шекті. Тұрғындардың үйлеріне зақым келді. 4 мыңға жуық үйді су басты, оның жартысы Петропавл қаласында еді.

«Облыс тұрғындары өздерін нағыз патриот ретінде танытты, қиын сәтте бүкіл ел көмегін аямады. Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап, әскерилер, құтқарушылар, полицейлер мен қарапайым адамдар су тасқынымен күресті. Олар траншея қазып, инертті материалдардан қаптар әзірледі, бөгеттерді нығайтып, ауылдарды тазартып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті. Мемлекет басшысы облысымызға сапарында жоғары ауызбіршілікті атап өтіп, табиғи апатпен күреске атсалысқан барша азаматқа алғысын білдірді», - деді өңір әкімі Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру және азаматтарды қалыпты өмірге қайтаруда мемлекет өз міндеттерін толық орындады.

«Ақшалай өтемақы толық көлемде төленді. Уәде бергеніміздей, барлығы баспана алды. Бұл ретте Президент үндеуіне құлақ асып, солтүстікқазақстандықтардың баспана алуына қаражат бөлген меценаттар бар. Осылайша, Петропавлда жаңа «Бірлік» шағынауданы салынды, онда қазір 700 отбасы тұрып жатыр. Балабақша ашылып, мектеп салу жоспарланған», - дейді Ғ. Нұрмұхамбетов.

Одан бөлек, су тасқынынан зардап шеккендер үшін 1 394 пәтер сатып алынды. Барлық аудандарда бригадалар жазғы кезеңде 241 үйді қалпына келтіріп, 2 мыңнан астам апатты үйді қиратты. Меншік иелері 1 658 үйді өз бетінше жөндеген. Зардап шеккен әрбір тұрғынға жөндеуге өтемақы төленген.

Соңғы жаңалықтар