СҚО-да су тасқынында баспанасыз қалған бір топ тұрғын шипажайға аттанды

СҚО ішкі саясат басқармасы
Фото: СҚО ішкі саясат басқармасы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың бір тобы бүгін шипажайға демалуға аттанды.

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, алғашқы 10 адам Щучинскідегі шипажайға баруға жолға шықты.

Қиын жағдайға тап болған әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыстық кәсіподақ орталығы осылайша қолдау көрсетіп отыр. Қазір өңірде су тасқыны бойынша жағдай біршама тұрақталып, тұрғындардың алды үйлеріне оралып жатыр. Десек те басым бөлігі туған-туыстың үйін жағалап, уақытша тұру пунктін паналауға мәжбүр. 

СҚО ішкі саясат басқармасы
Фото: СҚО ішкі саясат басқармасы

«Бүгін Щучинскідегі шипажайға 10 адам жайлы көлікпен жолға шықты. Олар мамырдың 10-ы мен 19-ы аралығында сонда болады. Қазір шипажайда тағы да бос орындардың бар-жоғы анықталып жатыр. Соған қарай сапар жалғасын табады. Біздің қолымызда зардап шеккен адамдардың тізімі бар. Хабарласып, ұсынамыз. Үйі техникалық тексеруден өтіп, шығыны бағаланған тұрғындар баруға келісімін беріп жатыр», - дейді СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Береская.

Келесі топ 12 мамырда Алматы қаласындағы «Көктем» шипажайына барады. Тұрғындар демалыс орнына тізім бойынша іріктеліп алынған. Демалушыларға алдын ала ескертіледі. 

СҚО ішкі саясат басқармасы
Фото: СҚО ішкі саясат басқармасы

«Отбасымызбен 2 қабатты үйдің бірінші қабатында тұрдық. Тасқын су үйдің шатырына дейін жетті. Әрине, бізді алдын ала ескертіп, эвакуациялады. Бірақ, дәл мұндай жағдай болады деп күтпедік. Бүгін шипажайға кетіп барамын. Осындай мүмкіндік беріп, жағдайымызды ойлап жатқан жандарға алғысым шексіз. Бізге өздері хабарласып, шақырды», - дейді Петропавл тұрғыны Ольга Петерс.

Барлық шығынды облыстық кәсіподақ орталығы өтемек.

Соңғы жаңалықтар