СҚО-да су тасқыны болуы мүмкін 3 ауданда құтқарушылардың жедел жасағы жұмыс істеп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар су басу қаупі бар үш ауданға барып, жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да су тасқыны болуы мүмкін 3 ауданда құтқарушылардың жедел жасағы жұмыс істеп жатыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов көктемгі су тасқыны бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстардан құлағдар етті.

Облыста су басуы мүмкін 85 елді мекен негізінен Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев, Шалақын аудандарында орналасқан. 6 мыңнан астам адам тұратын 1872 үйге еріген қар суы және тасқын су кіруі мүмкін. Зардап шегуі ықтимал елді мекендер ерекше бақылауға алынды.

«Екі күн бұрын облыстың Ғ.Мүсірепов, Айыртау және Тимирязев аудандарына 34 адам және 9 техникадан құралған жедел жасақ жіберілді. Мамандар көлдердің деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізеді, мұзды жарып, ұсақтайды. Судың жолында тұрған үйінділерді нығайтып, еріген қар суларын сорумен айналысады», - дейді Мұрат Қанғожинов.

СҚО бойынша гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, қар еріп, өзен-көлдер суы молайып жатыр. Мамандардың айтуынша, әзірге жағдай тыныш. Жолдарды су шаю, қызыл судың тұрғын үйлерге кіруі тіркелген жоқ.

«Су тасқынымен күресуге құқық қорғау органдарынан 475 адам, 134 техникасы бар 8 топ құрылды. Табиғат құбылысының зардабын азайту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр елді мекендерден 2 млн 095 текше метр қар шығарылса, биыл осы күнге дейін 600 мың текше метр қар алынды. 6 мыңнан астам құбыр, 300 км арықтар мен су өткізу каналдары тазартылды. 265 рейд жүргізіліп, 197 елді мекеннің 35,5 мыңнан астам тұрғынымен кездесу өткізілді», - дейді департамент бастығының орынбасары.

Бұған дейін СҚО-дағы шағын өзенде бір тәулікте су деңгейінің жарты метрге дейін көтерілгенін айтқан едік.