СҚО-да су тасқынымен күреске арналған техниканың дайындығы тексерілді
![None None](/static/img/plug.webp)
СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара барысында ведомство басшылығы мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдері техниканың, жабдықтардың жинақтылығы мен жарамдылығына, олардың тиісті талаптарға сәйкестігіне назар аударды.
«Су тасқыны кезінде жедел әрекет ету үшін облыста Департаменттің күштері мен құралдарының тобы құрылды, оның құрамына өрт сөндіру бөлімдері мен жедел құтқару жасағының қызметкерлері кірді. Барлығы 7 негізгі топ құрылған. Олар облыстың аудандарына, аса қауіпті учаскелерге алдын ала жіберілетін болады. Жеке құрам комбинезон және құтқару кеудешелері түріндегі қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Урал Әбдірахманов.
Негізгі топтың құрамында жеке құрамнан 160 адам және 32 арнайы техника бар. Әрқайсысы жүзу, су сору құралдарымен жарақтандырылған.
Сондай-ақ, өзара іс-қимыл аясында су тасқынына қарсы іс-шараларға Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен, 6637 әскери бөлімінің жеке құрамынан 60 адам және 3 техника тартылмақ.
«Бұл топтар көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіптердің алдын алу және жою бойынша іс-шаралар ұйымдастырып, облыстың су акваторияларына, оның ішінде Айыртау және Ғ.Мүсірепов аудандарының шағын өзендеріне мониторинг жүргізеді. Қажет болған жағдайда олар өзендерде кептеліс болмау үшін мұзды ұсақтайды, эвакуациялық іс-шараларға қатысады», - дейді төтенше жағдайды жою бөлімінің бастығы Серік Наурызбаев.