СҚО-да суармалы алқап аумағы артып келеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы негізгі екі бөген: Сергеев су қоймасы — 100%, Петропавл су қоймасы 90,9% толған.
Есіл бассейндік су инспекциясының мәліметінше, бұл көрсеткіштер өңірдегі су ресурстарының жеткілікті деңгейде екенін және су тұтынушыларды қажетті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
— Биыл жергілікті атқарушы органдар суармалы жерлердің көлемін 47 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлады. Оның ішінде Ақмола облысында — 33,7 мың га, ал Солтүстік Қазақстан облысында 13,3 мың га жерді суару көзделген. Есіл су шаруашылығы бассейнінің ерекшелігі — мұнда магистральдық суару каналдары жоқ. Суару жұмыстары әрбір су пайдаланушының өзіне тиесілі су алу құрылыстары арқылы жүзеге асырылады. Олар суды пайдалану үшін Инспекция беретін арнайы рұқсатты алуы тиіс, — дейді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Есіл бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Гүлден Исмағұлова.
СҚО бойынша қазіргі уақытта суару мақсатында су пайдалануға 58 рұқсат бар. Өңірдегі суармалы алқап аумағы — 18 мың га шамасында. Ал рұқсат етілген су алу көлемі — 47,3 млн текше метр.
Оның ішінде 8 рұқсат бойынша су жерасты көздерінен алынады. Қалғанында жерүсті су нысандарынан алуға рұқсат берілген.
Бақылаудың негізгі бағыттарының бірі — рұқсат етілген су алу көлемдерінің сақталуын қамтамасыз ету және суды заңсыз пайдалануға жол бермеу.
Бұған дейін Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылғанын жазған едік.