СҚО-да суық тиіп ауырғандар өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өткен бір аптада жедел респираторлық вирустық инфекциямен бес мың адам дәрігерге қаралған.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, сырқаттанғандар маусымға байланысты артқан.
Өткен аптада эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ мен ауырғандар саны 61 201 адамға жетсе, бүгінгі күні сырқаттанғандар саны 66 188-ге жеткен.
«Былтыр дәл осы уақытта ЖРВИ жұқтырғандардың жалпы саны 34 517 адамға жеткен. Биыл шамамен екі есеге өсіп отыр. Науқастардың 65% - 14 жасқа дейінгі балалар. ЖРВИ мен тұмау ауруының негізгі белгілері - жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі», - дейді санитар дәрігерлер.
Өткен бір аптаның ішінде А (H3N2) типті тұмау диагнозы 13 адамға қойылып, биылғы эпидемиологиялық маусымда сырқаттанғандар саны 45-ке жеткен.
«ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілерінде өзін-өзі емдеуге болмайды, медициналық көмекке жүгіну қажет, дәрігерді үйге шақыру керек, ауруды таратпау үшін науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек. Ауру асықынған жағдайда өкпе қабынуы мүмкін. ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін үй-жайды күн сайын желдету, қолды мұқият жуу, антисептик құралдарды пайдалану, аурудың көтерілу кезеңінде адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тарту не бетперде тағу, иммунитетті нығайту, спортпен шұғылдану және ұйқы мен тамақтану сапасын бақылау қажет», - дейді мамандар.