СҚО-да сұранысқа ие дәрі-дәрмекті қымбат бағаға сатып келген
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында медициналық масканы 150 теңгеден, сұранысқа ие препараттарды 200-300 теңгеге қымбатқа сатқан дәріханалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрі-дәрмек алыпсатарларымен күрес күшейген. Полиция бөліністері дәріханаларды тексеріп, әлеуметтік желілерді бақылауға алған. Мақсат - дәрілік препараттарды заңсыз саудалау және оларды қымбат бағамен сату деректерін анықтау.
Облыс аумағындағы 256 дәріханаға рейд жүргізу барысында бағаны негізсіз көтеріп сатудың 8 фактісі анықталды. Петропавл қаласындағы дәріханалардың бірінде «Гриппостад» дәрісі 1631 теңгенің орнына 1960 теңгеге сатылған. Келесі бір дәріханада «Аспирин Кардио» үшін 1670 теңге сұраған. Оның бекітілген бағасы – 1382 теңге.
Мамлют ауданында «Кардиомагнил», «Тромбопол», «Аспирин Кардио», «Эффералган» сияқты дәрі-дәрмектердің, сондай-ақ медициналық бетперделердің бағасы негізсіз көтеріліп сатылған. Медициналық масканы 118 теңгеден асырып сатуға болмайды. Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде ол 150 теңгеден сатылған.
Мониторинг барысында вирусқа қарсы препараттар мен маскалардың азық-түлік дүкендерінде, облыс тұрғындарының үйлерінде саудаланғаны анықталды.
«Медициналық препараттар белгілі бір температурада сақталуы тиіс, мұндай жағдайда тауардың қауіпсіздігі туралы айтудың өзі қиын. Полицияның жұмысы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, олардың мүдделерін қорғауға бағытталаған. Алыпсатарлармен күрес бүгінде біздің басым бағыттарымыздың біріне айналды», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жұмалиев.
Мониторингтік топ танымал интернет-сервистері мен мессенджерлердегі 139 хабарландыруды тексерді. Нәтижесінде облыс бойынша барлығы 14 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін СҚО бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментіне жіберілді.