СҚО-да сүтті мал шаруашылығының халықаралық форумы мен көрмесі өтіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екінші «Pro Молоко.Тренды ‘23» халықаралық форумы және сүтті мал шаруашылығының «QazaqSut» бірінші көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Петропавлда сүтті мал шаруашылығының «QazaqSut» бірінші халықаралық көрмесі ашылып, «Pro Молоко.Тренды ‘23» халықаралық екінші форумы өтіп жатыр. Жалпы сүтті мал шаруашылығын дамытуды мақсат еткен халықаралық іс-шара екі күнге шақталған. Оған қатысуға жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен қатар шетелдік – Англия, АҚШ, Италия, Германия және басқа елдерден келген сарапшылар қатысып жатыр.

«СҚО – аграрлық-индустриялық өңір. Біз ауылшаруашылық саласын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Бүгінде шаруа қожалықтары нәтижелі өнім алу үшін бірқатар жұмыс атқарып жатыр. Бірқатар жаңа технологияларды меңгеріп жатыр. Біздің өңір, әсіресе сүт шаруашылығында тәжірибемен бөлісуге әзір. Өздеріңізге белгілі, СҚО-да сүт фермаларын салу бойынша ауқымды пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Тек биылдың өзінде 17 заманауи сүт кешені салынып жатыр. Бұл сәтті жоба қазір республика көлемінде жүзеге аса бастады. Сол себепті сүт фермаларын салу және өнімділікті арттыру бойынша жақсы пікір алмасу болады деген сенімдемін», - деді көрмені ашқан СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.

Өңір басшысының айтуынша, облыс агроөнеркәсіп саласындағы инвест жобаларды «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Нәтижесінде, 30 жаңа сүт фермасы ашылды. Жергілікті аграрийлер қажетті тәжірибе жинады. Сондықтан бұл форум мамандарға өзара білім мен тәжірибе алмасуға сеп болмақ.

«Халықаралық сарапшылар мен отандық мал өсірушілер қатысқан бұл жиын саланы дамытуға жақсы серпін береді деп ойлаймын. Форумды өткізу үшін СҚО-ның таңдап алынуы бекер емес. Бұл өңір елімізде сүт бағыттағы мал шаруашылығын дамытуда көш бастап келеді. Сүтті мал шаруашылығын дамытуға биыл республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Бұл 11 облысқа заманауи сүт фермаларын салуға жұмсалады. Соның 17 млрд теңгесі СҚО-ға беріліп отыр», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Іс-шара аясында мал, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялардың, қызметтер мен қондырғылардың көрмесі өтеді. Форум барысында сүт-тауарлы фермаларын салып, іске қосуға қатысты, асылтұқымды сиырды азықтандырып, өнімділігін арттыру бойынша панельдік сессиялар өтеді. Келген қонақтар облыстағы заманауи сүт кешендерінің жұмысын көруге мүмкіндік алмақ.



