СҚО-да сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ашылуы жиіледі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жыл басынан бері 81 қылмысты анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, анықталған қылмыстардың 68-і - сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,3 есе көп. 40 қылмыс ауыр санатқа жатқызылған. Бюджеттік қаражатты ұрлаудың 13 фактісі, қызметтік өкілдікті асыра пайдаланудың 11 фактісі, 6 алаяқтық, қызмет бабында жалған құжат жасаудың 5 фактісі тоқтатылды.
«Жыл басынан бері парақорлықтың 30 фактісі әшкереленген. Соның ішінде пара алып, беру, парақорлықта делдал болу фактілері бар. 30 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған», - деп ақпараттандырды Ұлттық бюроның СҚО бойынша департаментінің басшысы Құрмаш Сейітбеков.
Аймақтағы жемқорлық қылмыстар қоғамды жиі дүрліктіруде. Биылғы жылы Петропавлда құрамына қалалық әкімдіктің қызметкерлері кірген қылмыстық топ ұсталды. Олар сенім білдірген тұлғалардың атына тұрғын үйлерді сыруды заңсыз ресімдеген. Жолдарды салу кезінде бюджеттік қаражатты ұрлау фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Қыркүйекте аудан әкімінің пара алуы әшкереленді. Жер учаскесін бергені үшін сыйақы талап еткен ауыл әкімі пара сомасынан 50 есе көп айыппұл төлейтін болады.