СҚО-да сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға биыл 700 мың теңгеге жуық сыйақы берілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған 3 адам 670 мың теңгеден астам сыйақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрестің бір жолы – қылмыс фактісі туралы хабарлағандарды көтермелеу. Бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен биылғы алты айда 3 адам жемқорлық дерегі туралы хабарлап, сол үшін сыйақы алған.
«Азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесіне сәйкес сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамға пара немесе келтірілген залалға қарай айыптау үкімі шығарылғаннан кейін пара сомасының 10% беріледі. Алайда ең жоғары сыйақы 4 мың АЕК, яғни 13,8 млн теңгеден аспауы керек.
Қылмыс фактісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің колл-орталығының 1424 нөміріне хабарлап айтуға болады. Қоңырау шалу тегін», - дейді Сергей Перов.
Сергей перовтың айтуынша, жақында республика бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер қабылдау жобасы қолға алынды.
Мақсат – волонтерлердің көмегімен қоғамның қылмыстың бұл түріне төзбеушілігін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа әкелетін жағдайлар мен себептерді анықтау.
Жобаға қоғамның белсенді өкілдері, студенттер, қоғамдық ұйымдар, заңгерлер, сарапшылар, мемлекеттік органдар және тағы басқалары қатыса алады.