СҚО-да табиғатты қорғау полициясы күдіктілерді заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартқан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - СҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тарту фактілерін анықтады.
Бақылаушы орган заңсыз аңшылыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органдар тарапынан әкімшілік заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.
«Талдау нәтижесінде табиғатты қорғау полициясының лауазымды қызметкерлері Қазақстан Республикасының „Әкімшілік құқық бұзушылық туралы“ Кодексінің талаптарын бұза отырып, әкімшілік материалдарды құқық бұзушылық фактісін растайтын бейнежазбасыз және құжаттарсыз ресімдегені анықталды.
Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде облыстың бірқатар тұрғындары Кодекстің 382-бабының 1-бөлігі (жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тартылған», — деп жазды ведомстводан.
Яғни, жануарлар дүниесін қорғау саласындағы уәкілетті органдар Кодекстің талаптарына қайшы түрде әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактілерін дұрыс сараламаған және процестік нормаларды бұзған.
Қабылданған қадағалау шараларымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы 6 қаулының күші жойылып, кінәлі деп танылған 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Заңсыз аңшылыққа қарсы күрес бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі мәселесі прокуратураның бақылауында.