СҚО-да талап бұзған улы химикат қойма иелеріне айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр улы химикаттар қоймаларына 11 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде тиісті талапты бұзғандарға жалпы сомасы 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр пестицид пен минералды тыңайтқыштарды уақытша сақтауға арналған 38 қойма мемлекеттік санитариялық қадағалау органдарының бақылауында болды.
Адамдардың улануына жол бермеу мақсатында улы химикат қоймаларына 11 тексеру жүргізілді.
Тиісті талаптардың сақталмағаны анықталып, жалпы сомасы 2 млн теңгеге 4 әкімшілік айыппұл салынды, барлығы өндіріліп алынды.
«Бұдан басқа 4 нұсқама дайындалды, оның 3-і мерзімінде орындалды. Ұйғарымды орындамағаны үшін бір ЖШС-ге айыппұл салынды, сотқа берілді, сот шешімімен заңды тұлға 200 АЕК - 612 мың теңге мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өнеркәсіптік, радиациялық қауіпті объектілерді бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Галина Стацюк.
Маманның айтуынша, облыста былтыр ел аумағында рұқсат етілген 300-ден астам атаудағы улы химикаттар қолданылды.
Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде пестицидтен улану жағдайлары бойынша медициналық ұйымдардан хабар түскен жоқ.
«Алда көктемгі дала жұмыстары келе жатыр. Маусымдық өңдеу жүргізу кезінде улы химикаттармен улануды болдырмау үшін санитариялық-гигиеналық нормаларды, қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн.
Улы химикатпен жұмысқа 18 жасқа толған, медициналық тексеруден өткен және рұқсат берілген адамдар жіберіледі. Емізетін және жүкті әйелдерді, жасөспірімдерді және жазылмайтын жаралары бар адамдарды жұмысқа тартуға тыйым салынады.
Шаруашылық басшылары жұмыс істейтіндердің барлығын арнайы қорғаныс киімімен қамтамасыз етуге тиіс. Оларды қайта-қайта залалсыздандырып отыру керек.
Умен жұмыс істегенде темекі шегуге, тамақ ішуге тыйым салынады.
Жұмыс аяқталғаннан кейін жұмысшылар қолын сабынмен мұқият жуып, шаңды умен жұмыс істегеннен кейін құлағын, мойнын жуып, аузын шаюы керек.
Пайдаланылмаған удың қалдықтарын қоймаға тапсыру қажет.
Жұмыс орнында алғашқы көмек көрсету үшін улы химикаттармен уланған жағдайларда қажетті көмек көрсету құралдарының жиынтығы бар дәрі қобдишасы болуы тиіс.
Улы химикатпен бірге адамдарды, сондай-ақ тамақ және жем өнімдерін тасымалдауға үзілді-кесілді тыйым салынады.
Улы химикаттарды тасымалдағаннан кейін көліктер мұқият тазаланып, залалсыздандырылуы керек.
Механизаторлар улы химикаттармен жұмыс істемес бұрын ережелер, сақтық шаралары туралы танысуы тиіс», - дейді Галина Стацюк.
Маманның айтуынша, улы химикаттан уланған кезде адам құсады, жүрек айнып, бас және іш ауырады. Тыныс алуы және жүрек қызметі бұзылады.
Уланудың алғашқы белгілерінде бірден жедел жәрдем шақыру қажет.