СҚО-да тасқын кезінде квадроциклмен қап тасыған баланың ата-анасына айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное елді мекенін су тасқынынан қорғауға көмектескен 10 жастағы Дастан Мырзабайдың ата-анасы әкімшілік  жауапкершілікке тартылды.

СҚО-да тасқын кезінде квадроциклмен қап тасыған баланың ата-анасына айыппұл салынды
Фото: видеодан алынды

Дастан осындан 3-4 күн бұрын желінің «жұлдызына» айналған еді. Жасөспірім квадроциклге мініп, су тасқынымен күресіп жатқандарға көлігімен ауыр қаптарды тасып көмектесті. 

Бірер күн бұрын баланың ата-анасына полиция 50 АЕК – 196 600 теңге айыппұл салды.

- 26 сәуірде СҚО Тепличное ауылында бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізу барысында ауданның 34 жастағы тұрғыны өзінің 10 жасар ұлын квадроциклді басқаруға жіберді. Осы факті бойынша ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 612- бабының 5-бөлігі бойынша - көлік құралын басқаруды оған құқығы жоқ адамға бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция заңнаманы сақтау қажеттігіне назар аударады. Балалардың және су тасқыны салдарын жоюға қатысушылардың қауіпсіздігі – басымдыққа ие. Көмектескендердің барлығына алғыс айтамыз және кез келген жұмысты орындау кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырамыз, - деп жауап берді СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер.

Бұған дейін СҚО-да су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жалғасып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар