СҚО-да тасқын кезінде суда қалған колонияда жөндеу жұмысы аяқталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару департаментінің №48 мекемесінде су тасқынының салдарын жою бойынша қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

 СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
Фото: СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

№48 мекеме Петропавлдағы Заречный кентінде орналасқан. Көктемгі тасқын кезінде колонияны көрші өңірлерге көшіруге тура келді. 

 СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
Фото: СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

«Мекемеге үлкен зақым келді, аумағы толық суға кетіп, терезе деңгейіне дейін көтерілді. Сондықтан сотталғандарды 5 айға Павлодар және Қарағанды мекемелеріне уақытша көшіруге тура келді. Су кеткеннен кейін жазасын өтеушілер этаппен қайтарылып, қызметкерлер мен сотталғандар жөндеу жұмысына кірісті. Еден жаңадан төселді. Ғимараттар кептіріліп, қабырғалары қалпына келтірілді, терезелер ішінара ауыстырылып, толық косметикалық жөндеу жүргізілді. Жаңа жиһаз алынды», - дейді мекеме бастығының орынбасары Әсет Құсайын.

Мекеме жұмысы қалпына келгеннен кейін сотталғандарға туыстарымен ұзақ кездесуге рұқсат берілді. Олардың алғашқы тоғызы отбасыларымен қауышты. 

 СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
Фото: СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

«Жеті айға жуық уақыттан кейін мен ұлыммен ұзақ кездесуге келдім. Жөндеу жұмыстары жүргізілгенін көрдік, барлығы дерлік жаңа, жайлы бөлмелер, сотталғандар салған суреттермен безендірілген. Алдағы екі күн баламның жанында болатыныма қуаныштымын», - дейді А. есімді сотталғанның анасы.

Сотталғандарға туыстарымен кездесуге 15 жеке жатын бөлме, ас үй, жуынатын бөлме, демалыс бөлмесі және балаларға арналған ойын алаңы жабдықталды.

Мамандардың айтуынша, ҚР қылмыстық-атқару кодексінің 106-бабына сәйкес жазасын өтеушілерге ұзақтығы екі сағат қысқа мерзімді және мекеме аумағында ұзақтығы екі тәулік болатын ұзақ мерзімді кездесулер беріледі.

Бұған дейін СҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге арналған үйлер 100% салынып біткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар