СҚО-да тасқын салдарымен күрескен механикалық бригадалар марапатталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны салдарымен күреске жұмылдырылған механикалық бригадалардың жұмысы ескеріліп, бүгін марапатқа ие болды.
Сәуір айының соңында СҚО-ның барлық аудандары мен Петропавлдан барлығы 95 механикалық бригада құрылды. Олардың құрамында 700-ден астам адам жұмыс істеді. Су тасқынынан зақым келген аумақтар аудан-ауданға бөлініп, әр мехбригада жауапты етіп бекітілді. Атқарылған жұмыс орасан. Жұмысшылар зардап шеккен тұрғындардың үйлерін қалыпқа келтірумен ғана айналысып қоймай, апатты деп танылғандарын бұзды, аумақты қоқыстан тазартып, тәртіпке келтірді.
Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынынан кейін үйлерді қалпына келтіруге бүкіл облыстан жиналған мехбригадалар мен бекітілген аудан әкімдерінің орынбасарларын марапаттады.
«Биыл өңірде тасқыннан кейін 2 мыңға жуық үй тұруға жарамсыз деп танылды, 1899 үйді қалпына келтіруге шешім қабылданды. Тұрғындар 261 үйді қалпына келтіруді мехбригадаларға тапсырса, баспана иелері 1638 үйді өздері жөндеуге шешім қабылдады. Бүгін тынымсыз еңбектің жемісін көріп отырмыз – үйлер жөнделді, 1947 үй сүрілді.
Соңғы 5 айда барлық мехбригадалар ұйымшыл болып жұмыс істеді. Мұның бәрі ортақ мақсат - зардап шеккендер тезірек үйлеріне оралуы үшін жасалды. Бүгін марапат өз қаһармандарын тапты, олардың адал және тынымсыз еңбектері үшін алғыс білдірдім», - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Бұған дейін тасқыннан зардап шеккен Қызылжар ауданындағы жағдайға тоқталып, атқарылған жұмыс жайында жазған едік. Мұнда 14 елді мекен су астында қалды. Салдарынан 1546 үй зақымданды.